Құм астында қалған қала
Құм астында қалған қала

Тарихи Рашиди бұл Мұхаммед Хайдар Дулатидың кітабы. Өте құнды кітап. Бұл тамшыдай ойдан туындаған теңіздей дүние. Баға жетпес кітап. Мұхаммед Хайдар бұл еңбегін жазған кезде, Зафарнама кітабынан үзінділер келтіріп отырған. Сонымен қоса өте сенімді кісілерден естіген әңгімелерді де жазып отырған. Соның бірі адал әрі шыншыл кісі Қожа Ахметтен естіген әңгімесі. Қожа Ахмет өз атасы Шейх Жамаледдин жайлы мына бір оқиғаны айтып береді. "Шейх Жамаледдин Катак деген қалада өмір сүріпті. Өте тақуа діндар кісі болған екен. Әрдайым уағыз насихат айтып, халықты жақсылыққа шақырыпты. Қанша насихат айтса да халық бұған құлақ аса қоймапты. Жамағаттың бұл халін көрген Шейх жұма күнгі бір уағызында халайыққа қарап: "Сіздерге бар күшімді сарп етіп, әрдайым уағыз насихатымды айтып отырдым. Алайда беті бері қарап, жақсылыққа жақындаған жанды көрмедім. Алланың ескертуін қабылдамаған халықтың басына пәлекет орнайтыны хақ. Сондықтан мен бүгіннен бастап бұл қаладан ұзақтаймын" деп жұма намазынан кейін жолға шығуды ұйғарыпты. Бұл насихаттан үгіт алған мешіт азаншысы да Шейхпен бірге кетуді жөн деп шешеді. Шейх та бұған келісіп, екеуі жолға шығады. Қаладан біраз ұзақтағаннан кейін мешіт азаншысы Шейхтан рұқсат сұрап, қалада бір жұмысының бар екендігін айтады. Сосын қалаға қарай қайта барады. Жұмысын бітіріп, жолға шыққалы жатқанда құптан намазының уақыты кіріп қояды. "Жақсы істі кешіктіруге болмайды" деп азаншы мешіттің мұнарасына шығып азан айтады. Сол сәтте аспаннан қарға ұқсас құрғақ бір нәрсе жауа бастайды. Азанын бітіріп болып қараса жауған нәрсе құм екен. Дереу төмен түсіп сыртқа шығайын десе есік бекітіліп қалыпты. "Әу, пірім!" - деп қайтадан жоғары шығады. Арада біраз уақыт өтеді. Мұнарадан қараса әлгі құм үйлердің үстін жауып қалыпты. Тіпті мұнараға да жақындап қалған екен. Мұнарадан ептеп түсіп, жауған құмның үстімен жүре отырып, Шейхтың жанына әрең дегенде жетеді. Сосын болған жағдайды баяндап береді. Мұны естіген шейх: "Алланың пәлекеті тиген жерден тез арада ұзақтауымыз керек" деп екеуі сапарларын жалғастырып кетеді. Сосын екеуі Ақсу аймағына барып, ол жерде Тоғылық Темір ханмен жолығады." Бұл жайлы келесі жазбамызда баян ететін боламыз.

Бөліскім келдіБөліскім келді
4 жыл бұрын 3633
0 пікір
Блог туралы